Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өзіндік ерекшелігімізді сақтап қалуда, ұрпақтар байланысында, жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың бірден бір жолы – материалдық емес мәдени мұрамызды қорғау. Сондықтан рухани мұраларымызды сақтап, ілгерілету бағытындағы ұсыныстарыңызды күтеміз. Бұл бір ғана жиын өткізіп, кете беретін мәселе емес. Сол сияқты сіздерді заң жобасымен айналысып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз. Арнайы институт керек деп жатыр, менің ойымша ғылыми-зерттеу орталық міндетті түрде керек. Заңды тұлға, ұйым айналыспаса, нәтиже болады деп айту қиын", - деді Асхат Аймағамбетов дөңгелек үстел барысында.
Одан бөлек, комитет төрағасы ел аумағында материалдық емес мәдени мұраны зерттеу экспедициялар ұйымдастыру керектігін айтты.
"Зерттеулер жүргізу қажет, сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл мақсатқа арнайы қаражат қарастыруы керек. Сосын бар мұрағатты цифрландыруды міндетті түрде қамтимыз. Сонымен қатар жыл сайын ақша сұрап жүрмейтіндей, яғни бюджетке қарап отырмай заңмен нақты белгіленіп қойған қаражат көзі болса", - дейді халық қалаулысы.