"Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады. Оған дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Бағасы қымбат операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтер кіретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады. Сондай-ақ, МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді", – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облыстық филиалының директоры Айдар Ситказинов.
Ағымдағы жылдың күзінде Қазақстанның бір өңірінде пилоттық режимде азаматтарға жаңа пакеттер аясында медициналық қызмет көрсетіле бастайды. Бұл 2020 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында халыққа толыққанды қызмет көрсету барысында түйткілді мәселелерді шешуге септігін тигізері сөзсіз.
2020 жылдан бастап жүйе Қазақстан бойынша жұмысын бастайды.