Денсаулықты дамыту орталығы республикалық қызметінің мәліметінше, портал алаңы медициналық ұйымдар мен олардың үздік құрылғылармен қамтылуы, ұсынылатын қызметтер мен бағалар, мамандар туралы ақпарат алуға толық мүмкіндік береді.
Ұйымның баспасөз қызметінен хабарланып отырғандай, Қазақстанның айқын басымдықтарының бірі - медициналық қызметті арзан бағада ұсыну. Халықаралық мамандар бұл ретте арнайы сараптама жүргізе отырып, 7 хирургиялық қызметтің бағаларын салыстырған. Осы ретте біздің елдегі бағалар медициналық туризмде көшбасшы саналатын Үндістандағы бағадан төмен екені анықталған.
Жыл сайын Қазақстандағы клиникаларға әлемнің 45 елінен медициналық туристер келеді. Олардың 90 пайызы - ТМД елдерінің, атап айтқанда Ресей, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан елдерінің азаматтары. Қалған 10 пайызы - Қытай, Түркия, Иран және өзге де елдерден келетін көрінеді. Міне, сондықтан, Қазақстан алдағы уақытта әлеуетті пациенттерді тарту үшін шекаралас елдердің нарығында медициналық қызметтерді алға жылжыта беруге ниеттеніп отыр.
Қазақстандағы медициналық туризмнің талдауы көрсеткендей, туристердің негізгі шоғыры кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, стоматологиялық, буындарды протездеу, органдарды трансплантациялау секілді қызметтерді алуға ниет білдіреді. Мұндай қызметтер еліміздегі инновациялық құрылғылармен қамтылған ең заманауи орталықтар мен клиникаларда жүргізіледі. Еліміздегі ондай клиникаларда әлемдік дәрежедегі дәрігерлер жұмыс істейтінін айта кету керек. Ол клиникалардың кәсіби ресурстары пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қызмет көрсетудің жоғары сапасын ұсынады.