Қазақстанда мектеп асханаларын ескертусіз тексеру ұсынылды

424

Алайда "Кәсіпкерлік кодекс" тұрғысынан бұл мүмкін емес болып отыр.  

Қазақстанда мектеп асханаларын ескертусіз тексеру ұсынылды Фото: Владимир Жабриков / РИА URA.RU

Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Сенатта өткен парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Елімізде мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар тегін тамақтанады. Алайда мектептерде тамақтану үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Әсіресе, азық-түлік пен тамақ дайындау сапасы мәселесі ақсап тұр. Тамақтану рационының әртектілігі мен оны бақылаудың жеткіліксіздігі байқалады. Бұл мектеп оқушылары арасында бірқатар аурудың қаупін арттыруы мүмкін. Тіпті улануға да әкеп жатыр. Мәселен биыл 578 бала мектептегі тегін тамақтан уланған. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп", – деді сенатор.

Амангелді Төлемісов осы бағытта қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады. 

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің сөзінше, биыл уланудың бірнеше дерегі тіркелді. 

"Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктері, жергілікті атқарушы билікпен бірге барлық мектепте мониторингтік тексерістер жүргізілді. Мектептердің 12%-ында, сандық есеппен алғанда 840, түрлі заңбұзушылықтар анықталды. 24 лауазымды тұлға түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 6 акті бойынша прокуратураға материалдар жіберілді. Жалпы қазір тексерістер "Кәсіпкерлік кодекстің" шеңберінде жүргізіледі, яғни балалар орналасқан жерлерде жүріп жатыр. Өкінішке қарай, "Кәсіпкерлік кодекстің" шеңберінде мектептерді алдын ала ескертіп қана тексере аламыз. Алдын ала ескерткеннен кейін олар тиісті шараларды істеп қояды", – деді ведомство өкілі.

Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі депутаттармен бірге жаңа тексеру әдістерін ұсынып жатыр. 

"Біріншіден, бұл балалар объектілерін ерекше бақылау объектілеріне енгізу. Екіншіден, ескертусіз, хабарламасыз алдын ала кіріп, тек келесі күні прокуратураға тексеріс туралы құжаттаманы енгізу. Осы жағынан депутаттардан қолдау керек. 2024 жылдан бастап ЮНИСЕФ, Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге Ұлттық қоғамтану академиясымен бірге балалардың тамақтану стандартын қайта қарау жатыр. Сондықтан барлық мектептегі тамақтану мәзірі қайта қаралып, осы жылдың соңына дейін бекітілуі көзделген", – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу