Қазақстанда мемлекет қаражатын пайдалануға қойылатын талаптар күшейтілді

117

ҚР Үкіметі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып, жергілікті бюджет деңгейінде мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдады. 

Қазақстанда мемлекет қаражатын пайдалануға қойылатын талаптар күшейтілді Фото: Жоғары аудиторлық палатасы

Өткен жылғы мамырда Жоғары аудиторлық палата Алматы облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Аудит барысында бюджетаралық қатынастар мен бюджеттік жүйе қағидаттарының сақталмау фактілері анықталды.

Мәселен, қажетті функциялар мен өкілеттіктерінің болмауына қарамастан, сондай-ақ нақты қажеттіліксіз өңірдің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы төмен тұрған бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер аударған. Осының нәтижесінде 2023 жылғы қаржылық жылдың соңына қарай облыстың қалалары мен аудандарының қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қаражат пайдаланылмай бос тұрып қалған.

Аудиторлардың пікірінше, мұндай бюджеттік теңгерімсіздік бюджетті жоспарлау мен орындау барысында жіберілген бұзушылықтар, сондай-ақ тиісті әдістемелік сүйемелдеудің болмауы салдарынан туындаған.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Үкіметке бюджет деңгейлерінің сапасы мен теңгерімін арттыру үшін қажет трансферттерді беру шарттарын нормативтік-құқықтық актілерде (НҚА) бекітуді ұсынды.

Нәтижесінде 2025 жылғы 15 наурызда Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Бюджет кодексінде бюджеттік және мемлекеттік жоспарлауға жауапты орталық және жергілікті органдардың барлық деңгейдегі бюджетааралық қатынастарды бақылауы көзделген.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарына әсер ететін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау жөніндегі талаптар күшейтілді.

Сондай-ақ жергілікті бюджеттердің кірістерін азайтатын НҚА жобалары бюджет деңгейлері арасындағы шығыстарды бөлу мен нысаналы ағымдағы трансферттерді беру қажеттілігі ескеріле отырып қаралатын болады.

Сонымен бірге Бюджет кодексінде қаржы жылы ішінде болжамды қолма-қол ақша тапшылығын жабу және бюджеттің қаржылық теңгерімін қамтамасыз ету үшін бюджеттік несиелерді пайдалану мүмкіндігін көздейтін нормалар нақтыланды. Өңірлер мен жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бюджет саласында үлкен дербестік беріліп, бюджет заңнамасын бұзғаны үшін олардың жауапкершілігі күшейтілді.

Мемлекеттік аудит нәтижесінде берілген ұсынымдар мен тапсырмалар толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу