Ұлттық Банкі Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, консультативтік-кеңесші орган – Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрылғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл қарыз алу саясаты мен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту саласындағы шешімдерді үйлестіруге арналған жаңа консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Жаңа орган макроэкономикалық жағдай мен қарыз тұрақтылығына қойылатын талаптарды ескере отырып, мемлекеттік қарызды басқару бойынша келісілген тәсілдерді қалыптастыру алаңы болмақ.
"Органның негізгі міндеттерінің қатарында бюджет тапшылығын жабу үшін мемлекеттік қарыз алу құнын төмендету, мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі және сыртқы нарықтарын дамыту, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік эмитенттер үшін кірістілік бағдарларын қалыптастыру бар.
Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тереңдігі мен өтімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді", – делінген реттеуші таратқан хабарламада.