Қазақстанда мемлекеттік сатып алуда импорттық азық-түлікке шектеу қойылды

932

Жаңа тәртіп 6 желтоқсаннан бастап күшіне еніп, екі жыл бойы қолданыста болады.

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуда импорттық азық-түлікке шектеу қойылды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдардың шетелден әкелінетін азық-түлік өнімдерін сатып алуына шектеу қойылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үкімет 2026 жылғы 23 қарашада "Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы" №1040 қаулы қабылдады.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік сатып алу кезінде шетелден шығарылатын азық-түлік өнімдеріне ұлттық режимнен алып қою қолданылады. Яғни Қазақстанда өндірілетін өнімдердің мемлекеттік сатып алу конкурстарына шетелдік тауар жеткізушілері қатыса алмайды.

Енді Қазақстанда өндірілетін тауарлар бойынша мемлекеттік сатып алуға тек отандық тауар өндірушілер тізіліміне енген кәсіпкерлер қатысады.

Алайда бұл талап Қазақстан аумағында мүлде өндірілмейтін азық-түлікке қолданылмайды. Мұндай өнімдерді мемлекеттік мекемелер бұрынғыдай шетелден сатып ала алады.

Мемлекеттік сатып алуға кімдер қатыса алады?

Жаңа тәртіп бойынша конкурсқа қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген жеке және заңды тұлғалар ғана қатыса алады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шектеу қолданылатын азық-түлік өнімдерінің нақты тізімін бекітеді. Ол үшін министрлікке қаулы қабылданған күннен бастап 10 күн уақыт берілген.

Тауарлар тізімі бірыңғай номенклатуралық анықтамалықтағы кодтарымен бірге мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

Бұл шара отандық тауар өндірушілерді қолдауға, ішкі нарықты қорғауға және қазақстандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Айта кетейік, жаңа талап импорттық азық-түлікті дүкендерде сатуға немесе азаматтардың шетелдік өнімдерді сатып алуына тыйым салмайды. Шектеу тек мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысты болып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу