Қазақстанда мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды әзірлеу кезінде азаматтардың мінез-құлқын зерттеуге негізделген тәсілдерді қолдану жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институты және Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі осы бағытта "Тиімді мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды әзірлеудегі мінез-құлық ғылымы" тақырыбында тренинг өткізді.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚҚДИ сарапшылары, сондай-ақ отбасы, жастар саясаты, қауіпсіздік және денсаулық сақтау салаларының мамандары қатысты.
Тренинг барысында адамның белгілі бір шешім қабылдауына әсер ететін факторларды анықтау және түрлі әлеуметтік топтардың мінез-құлқын зерттеу әдістері таныстырылды. Сондай-ақ балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігі, ауылдарда әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және алимент төлеу міндеттемелерін орындау мәселелері қаралды.
Тараптар алдағы уақытта ҚҚДИ жанынан сараптамалық топ құрып, мінез-құлық тәсілдерін ұлттық жобалар мен мемлекеттік саясатты әзірлеу және талдау кезінде жүйелі қолдану мүмкіндігін қарастырды. Бұл жұмысты өңірлерде де жүргізу жоспарланып отыр.