Қазақстанда мұнай өнімдеріне сұраныс төмендеді

1303

2020 жылғы сәуір айындағы көрсеткіштер бойынша жанармай мен дизель отынына – 40%-ға, ал авиациялық отынға 70%-ға сұраныс төмендеген.

Қазақстанда мұнай өнімдеріне сұраныс төмендеді

Еліміздің ірі қалаларында карантиннің енгізілуіне және мұнай өнімдерін тұтынудың азаюына байланысты отандық мұнай өңдеу зауыттары ең төмен қуатпен жұмыс істеп тұр. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ баспасөз қызметі хабарлады. 

2020 жылғы сәуір айындағы көрсеткіштер бойынша жанармай мен дизель отынына сұраныс – 40%-ға, ал авиациялық отынға – 70% төмендеген. 

"Қоймаларда мұнай өнімдерінің шамадан тыс жиналып қалуын болдырмау үшін Атырау, Павлодар және Шымкент МӨЗ-дерінде мұнай өңдеу мен мұнай өнімдерін шығару көлемдері ең төмен деңгейге жеткізді. Соған қарамастан зауыттар өз қызметін жалғастыруда", – деп жазылған хабарламада. 

Сондай-ақ, кәсіпорындарда коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу үшін арнайы шаралар қабылданды. Мәселен, әкімшілік және өндірістік нысандарда санитарлық-дезинфекциялық және бақылау-өткізу тәртіптері күшейтілді, кәсіпорындарда әкімшілік қызметкерлердің 70%-ы қашықтықтан жұмыс жасау тәсіліне көшірілді, зауыт қызметкерлеріне құрылымдық бөлімшелер арасында жүріп-тұруға шектеу қойылды, қызметкерлердің денсаулығын қадағалау бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі, үй-жайлар мен ғимараттарда, көлік құралдарына және зауыттарға тиесілі аймақтарда тазалық жұмыстары үнемі жүргізіліп тұрады.

Жалпы Қазақстанда мұнай өңдеуді төрт кәсіпорын жүзеге асырады. Олар "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС, "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС, "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС (Шымкент МӨЗ-і), сондай-ақ "CASPI BITUM" БК" ЖШС битум зауыты. 

Еске сала кетсек, еліміздің үш мұнай өңдеу зауытында (Атырау, Павлодар және Шымкент) жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде еліміз бойынша ішкі нарықтың сұранысы толық өтелді. Кәсіпорындарда мұнай өңдеу әлеуеті жылына 17,5 млн тоннаға дейін артып, ал өңдеу тереңдігі 90%-ға дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда қазақстандықтар К4 және К5 экологиялық санаттағы (тиісінше, Еуро-4 пен Еуро-5) бензинмен қамтамасыз етілген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу