Қазақстанда мұнай-газ химиясына қатысты жеке заң әзірленетін болды

104

Премьер-министр бүгінгі отырыста заң жобасын 1 қыркүйекке дейін Үкіметке енгізуді тапсырды.  

Қазақстанда мұнай-газ химиясына қатысты жеке заң әзірленетін болды Фото: batys.info

Энергетика министрлігі мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін жеке заң жобасын әзірлеп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Заңға бастамашы әрі жауапты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, қазір ведомство мүдделі тараптармен, оның ішінде "ҚазМұнайГаз" компаниясы, "KazEnergy" қауымдастығы, Мұнай-газ-химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығымен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп "Мұнай-газ-химиясы өнеркәсібі туралы" құжат жобасын әзірлеп жатыр.

"Заң жобасының мақсаты – мұнай-газ химиясы саласын дамыту үшін ашық әрі тиімді құқықтық негіз қалыптастыру. Заң жобасы кәсіпорындардың шикізат базасына тең қол жеткізуді, қажетті инфрақұрылымды дамытуды, мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қаржыландыру, субсидиялау және салық жеңілдіктерін қолдануды көздейді. Қазір заң жобасының консультативтік құжаты Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшелеріне келісуге жолданды", - деді министр Ақкенженов. 

Үкімет басшысы мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірлеу бастамасын қолдайтынын айтты. Одан бөлек Олжас Бектенов энергетика, өнеркәсіп, ұлттық экономика және әділет министрліктеріне осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкімет аппаратына тиісті заң жобасын енгізуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу