Қазақстанның бірқатар өңірінде топырақтың тозуы мен шөлейттену қаупі әлі өзекті. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елордада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммитте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Экология министрінің сөзінше, Қазақстан орманды қалпына келтіру саласында мол тәжірибе жинақтады. Соның жарқын мысалының бірі ретінде Астана маңындағы жасыл белдеу аталды.
2021 жылдан бері мемлекеттік орман қорының аумағында 1 миллиард 648 миллион көшет отырғызылды. Елдімекендерде 18,1 миллионнан астам ағаш егілген. 2024-2029 жылдарға арналған "Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бұл жұмыстарға қосымша серпін беріп отыр. Жоба аясында елдімекендерді көгалдандыру жүргізіліп жатыр.
Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, жердің тозу қаупі әлі де өзекті.
"Қазақстанның орталық, оңтүстік және батыс өңірлері топырақтың тозуы мен шөлейттену қаупіне бейім. Батыс аймақтарда шаңды және құмды дауылдар жиіледі. Арал маңы, Мойынқұм, Солтүстік Каспий аймағы және Ақтөбе облысында негізгі ошақтар орналасқан. Бұл мәселенің жергілікті сипатта ғана емес, ауқымды экологиялық сын-қатер екенін көрсетіп отыр. Бұл ұзақ мерзімді әрі жүйелі шешімдер қажет етеді", – деді Экология және табиғи ресурстар министрі.