Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әлемдік Network School бастамасымен жасанды интеллект, инновациялар, технологиялық кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту бағытында стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Network School ұйымының негізін қалаушы әрі бас директоры Баладжи Шринивасан қол қойды. Ол Кремний алқабындағы танымал технологиялық кәсіпкерлердің бірі, Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры және көптеген технологиялық стартаптардың инвесторы ретінде белгілі.
Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан талантты мамандарға, технологиялық кәсіпкерлерге және халықаралық серіктестерге ашық инновациялық экожүйе қалыптастыруды жалғастырып келеді. Оның пікірінше, Network School-пен әріптестік бұл бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтереді.
Меморандум аясында жасанды интеллект бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту, стартаптарды қолдау, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық технологиялық ынтымақтастықты кеңейту және әлемдік деңгейдегі сарапшылар мен инвесторларды Қазақстанға тарту көзделген.
Басты жобалардың бірі – Қазақстанда Network School-дың алғашқы кампусын ашу. Онда халықаралық білім беру және зерттеу бағдарламалары, кәсіпкерлік жобалар мен резиденттік бағдарламаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар тараптар халықаралық конференциялар, хакатондар мен форумдар өткізуді, сондай-ақ Қазақстанда Network State Conference 2026 конференциясын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырады.
Бес жылға есептелген меморандум Қазақстанның жасанды интеллект, инновациялар және технологиялық кәсіпкерлік саласындағы өңірлік көшбасшылық позициясын нығайтуға бағытталған.