Елімізде өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, халықтың өмір сүру ұзақтығы артты

116

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Елімізде өлім-жітім көрсеткіші төмендеп, халықтың өмір сүру ұзақтығы артты Фото: primeminister.kz

Министрдің айтуынша, 2024 жылы денсаулық сақтау жүйесінде қабылданған жүйелі шешімдер негізгі медициналық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал еткен. Атап айтқанда, ел бойынша жалпы өлім-жітім деңгейі 2,6%-ға азайса, онкологиялық аурулардан болатын өлім 6,3%-ға төмендеген. Ал нәресте өлімі тарихи ең төменгі деңгейге жетіп, 18,7%-ға қысқарған.

Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа дейін өсті. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде ел БҰҰ-ның Адами даму индексінде жеті сатыға көтеріліп, 193 мемлекеттің ішінде 60-орынға тұрақтаған.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған заң қабылданып, шамамен 1 миллион азамат қосымша медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады. Онкологиялық скринингтер кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне енгізіліп, сақтандырылмаған азаматтарды қамту аясы кеңейтілген.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау шаралары күшейтілді. Енді дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Министр елде алғашқы медициналық көмек пен ана мен бала денсаулығын сақтау бағыттары күшейтіліп жатқанын, онкологиялық қызметтің жаңғыртылғанын атап өтті. Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы іске қосылып, ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қабылданып жатқан шаралар халық денсаулығын жақсартуға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу