Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық экономиканы терең әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту бойынша жүйелі шаралар қабылдап келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес негізгі басымдықтар экономикалық патриотизмді дамытуға, қазақстандық тауар өндірушілердің әлеуетін барынша ашуға және жоғары деңгейде өңделетін өнім шығаратын ірі өндірістерді іске қосуға бағытталған.
Биыл өңдеуші сектор индустрияландырудың басты қозғаушы күшіне айналды. Ал агроөнеркәсіптік кешенде ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған инвестициялық және технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру және мал шаруашылығының өсуі
Биыл жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарға дейін кеңейтілді, бұл өткен жылғы деңгейден 180 мың гектарға артық. Шаруалар жоғары рентабельді майлы дақылдарға басымдық беріп, егіс көлемін 4,3 млн га жеткізді және 3,3 млн га жем-шөп дақылдар, бұл ретте дәнді және бұршақты дақылдарға шамамен 15,8 млн га бөлінді.
Сонымен бірге мал шаруашылығы саласында мал басының тұрақты өсімі байқалады. Ірі қара мал саны 5,8%-ға артып, 9,3 млн басқа жетті. Жылқы саны 7,4%-ға өсіп, 5 млн басты құрады, ал түйе саны 3,6%-ға көбейіп, 312 мың басқа жетті. Соның нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артты: сойыс салмағындағы ет өндірісі 5,5%-ға өсіп, 559 мың тоннаны құрады, сиыр сүтінің өндірісі 2,4%-ға артып, 1,9 млн тоннаға жетті, ал жұмыртқа өндірісі 7,9%-ға ұлғайып, 2,4 млрд дана болды.
АӨК-ке инвестициялар картасы
Осы жұмысты жүйелеу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Оның аясында жалпы саны 13 ірі халықаралық инвестициялық келісімге қол қойылды. Негізгі жобалар қатарында:
"Shengtai Biotech" ЖШС (Fufeng Group, ҚХР) – жүгеріні терең өңдеу зауыты ( $1,5 млрд);
"Азия Алтын Дән" ЖШС (Dalian Hesheng Holdings Group, ҚХР) – Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауытының құрылысы ($650 млн);
"Alsera KZ" ЖШС (Alarko Holding, Түркия) – ірі жылыжай кешенінің құрылысы ($650 млн);
"QazaqArab Sugar" ЖШС (Al Khaleej, БАӘ) – Алматы облысында қант зауыты ($580 млн);
"Kazak Protein" ЖШС (Tiryaki Holding, Түркия) – Астанада астықты терең өңдеу кешені ($320 млн);
"Carlsberg Central Asia" ЖШС (Дания) – алкогольсіз сусындар өндіретін зауыт (216,3 млрд теңге);
Әлемдік деңгейдегі брендтердің жобалары – Алматы облысында Mars Petcare (88,8 млрд теңге) және Кока-Кола Алматы Боттлерс (41,8 млрд теңге) компанияларының жаңа өндіріс орындарын салу.
Ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизинг
Агротехниканы жаңғырту бағытында елеулі технологиялық серпіліс жасалды. 2026 жылы жылдық 5% мөлшерлемемен ұсынылатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемі 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту қарқыны 6,5%-ға жетті. Бағдарлама іске қосылған екі жыл ішінде шаруаларға сатылған ауыл шаруашылығы техникасының көлемі 35%-ға артты. Былтыр 25 мың бірлік техника сатып алынса, оның 10,4 мың бірлігі дәл осы жеңілдетілген лизинг тетігі арқылы алынған.
Сонымен қатар сатып алу құрылымындағы Қазақстанда құрастырылған техниканың үлесі 95%-ға дейін өсті. Қазіргі таңда елімізде тракторлар мен комбайндарға деген ішкі сұраныстың 90%-ын қамтамасыз ететін 10 ірі зауыт жұмыс істейді. Олардың қатарында Қостанай қаласында әлемдік көшбасшы John Deere компаниясының, ал Петропавл қаласында CLAAS компаниясының локализацияланған құрастыру өндірістері бар.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру
Осы инвестициялық және технологиялық шаралардың барлығы дүкен сөрелеріне тікелей әсер етеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде азық-түлік өнімдерін өндірудің нақты көлем индексі 114,7%-ды, ал сусындар өндірісі 104,4%-ды құрады. Негізгі азық-түлік санаттарының бірқатары бойынша айтарлықтай өсім байқалды. Атап айтқанда, ет, шұжық өнімдері, өсімдік майы мен сары май, ірімшік пен сүзбе, қышқыл сүт өнімдері, жармалар, макарон өнімдері, күріш, кондитерлік өнімдер және өңделген көкөністер өндірісі артты.
Бүгінде Қазақстанның ішкі нарығы негізгі азық-түлік тауарлары бойынша 80–100% деңгейінде отандық өніммен қамтамасыз етілген. Өз өндірісінің көлемін ұлғайту ел ішіндегі бағаны ұстап тұруға және нарықты импортқа тәуелділіктен қорғауға тікелей ықпал етеді.
Импортты толық алмастыру бойынша жүйелі жұмыс импортқа тәуелді болып отырған 6 негізгі санат бойынша жалғасуда. Олардың қатарында құс еті, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, қант және алма бар. Жаңа отандық өндіріс орындарын іске қосу осы өнімдер бойынша сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтуға және негізгі азық-түлік себетінің құнын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бағаны тікелей тежеу және алыпсатарлық үстемеақыларға жол бермеу мақсатында Үкімет ірі сауда желілерімен тұрақты жұмыс кездесулерін өткізуде, сондай-ақ өңірлерде тұрақты түрде фермерлік жәрмеңкелер ұйымдастыруда. Бұл жәрмеңкелерде өнімдер өндірушілерден тікелей нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан бағамен сатылады.