Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгеге жетті

340

Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары көлемі Атырау облысында тіркелді.

Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгеге жетті Фото: dknews.kz

2026 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің индексі 103,5% болды.

Өнеркәсіп өнімінің ең көп көлемі Атырау облысында өндірілді. Бұл өңірде көрсеткіш 14,3 трлн теңгеге жетті. Келесі орындарда Қарағанды облысы (4,7 трлн теңге), Павлодар облысы (3,7 трлн теңге), Астана қаласы (3,4 трлн теңге) және Маңғыстау облысы (3,3 трлн теңге) тұр.

Өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны бойынша Жетісу облысы (29,9%), Түркістан облысы (23,8%), Алматы қаласы (21,5%), Алматы облысы (19,4%) және Жамбыл облысы (17,8%) алдыңғы қатарға шықты.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп өндірісінің индексі 12,7%-ға, Астанада 11,6%-ға, Шымкентте 13,3%-ға, Павлодар облысында 8,2%-ға, Ұлытау облысында 7,7%-ға, Маңғыстау облысында 4,4%-ға, Қызылорда облысында 6%-ға, Қарағанды облысында 4,3%-ға, Қостанай облысында 2%-ға және Абай облысында 1,9%-ға өсті.

Жалпы, еліміздің 20 өңірінің 16-сында өнеркәсіп өндірісінің оң өсімі байқалды.

Өнеркәсіп саласындағы өндірістің негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті кезеңде аталған саладағы өндіріс индексі 109,3%-ды құрады.

Өңдеу өнеркәсібінде ең жоғары өсім жеңіл өнеркәсіпте (59,5%), фармацевтикалық өнімдер өндірісінде (50,9%), машина жасауда (22,2%), химия өнеркәсібінде (21,9%), сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде (18,1%) тіркелді.

Өндірістің жекелеген түрлеріне тоқталсақ, автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің индексі 130,5%-ды құрады. Ал компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 83,6%-ға артты.

Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс индексі 96,6%, электрмен жабдықтау, газ және бу беру саласында 111,3%, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару саласында 108,9% болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу