Қазақстанда онкологиялық аурулармен күрес бағытында оң нәтижелер байқалуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Соңғы үш жылда обырды ерте сатысында анықтау көрсеткіші 6,1%-ға артып, 36,8%-ға жетсе, асқынған жағдайлардың үлесі 7,5%-ға төмендеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, онкологиялық науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші бүгінде 65%-ды құрап отыр. Сонымен қатар онкологиядан болатын өлім-жітім деңгейі 26,6%-ға азайған.
Негізгі тиімділік көрсеткіштері бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жетекші орындардың бірін иеленіп келеді. Елде ерте диагностика мен заманауи емдеу тәсілдерін енгізу нәтижесінде онкологиялық қызмет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне кезең-кезеңімен жақындап келеді.
"Біз әрбір пациент тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы онкологиялық көмек ала алатын жүйені дәйекті түрде қалыптастырып жатырмыз. Бұл бір реттік шешімдер емес, нақты нәтиже беріп отырған ұзақ мерзімді өзгерістер", – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Қазіргі таңда елімізде 246 мың адам онкологиялық ауру бойынша динамикалық бақылауда тұр. Жыл сайын шамамен 43 мың жаңа онкологиялық ауру жағдайы тіркеледі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыруда. Бұл жоспар республиканың онкологиялық қызметін жүйелі жаңғыртуға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.