Қазақстанда орман өртін сөндіру станциялары тапшы

219

Бүгінде олардың саны 254.  

Қазақстанда орман өртін сөндіру станциялары тапшы Фото: gov.kz

Орман өртін сөндіру станцияларының дені өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Елімізде норма бойынша 729 орман өрт сөндіру станциясы қажет болса, қазір бары - 254. Олардың көпшілігі өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған", - деді ведомство басшысы.

Министрліктің аумақтық инспекциялары мемлекеттік орман иеленушілердің өрт қауіпті маусымына дайындығын тексерген.

"Тексеру нәтижелері бойынша облыс әкімдіктеріне тиісті ұсыныстар енгізіліп, 124 ұйғарым шығарылды, 2,1 млн теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар бойынша 26 хаттама толтырылды. Тексеру Павлодар, Ақмола, Қостанай, Жамбыл облыстарының орман мекемелері мен "Семей орманы" резерватының дайындығы нашар екенін көрсетті. Дайындық жағдайының төмен болуының негізгі себептеріне орман өрт сөндіру станцияларының болмауы; өрт сөндіру автокөліктерімен, тракторлармен, радиостанциялармен және құрал-саймандармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі жатады", - деп түсіндірді Ерлан Нысанбаев.

Сөзінше, орман күзетінің жеке құрамы санының жетіспеушілігі де өзекті мәселе.

"Орман орналастыру материалдарына сәйкес, орман күзетінің жеке құрамдарының саны Ақмола облысында 504 бірлікке және Шығыс Қазақстан облысында 833 бірлікке тапшы. Бұл жағдай ормандарды өрттен қорғауға да кері әсерін тигізіп жатыр", - деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу