Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте тез салынатын өрт сөндіру деполары қанша тұратынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің талдауымыз бойынша бұрынғы салынған депо құны 2,5 млрд-тан 3 млрд-қа дейін болатын. Оларды салу мерзімі 2 жылға дейін созылған. Сонымен қатар елімізде 6-8 жыл бойы салынып жатқан жеті жоба бар. Сол себептен бұл мәселенің кейбірі сотпен шешіліп жатыр, кейбірі түзету енгізуді талап етеді. Көп жылдар бойы салынып жатқан проблемалық деполар бар. Біз ұсынып жатқан деполар 3,5 айда салынады және сол күннен бастап жергілікті халық біздің қызметімізді пайдалана алады деген сөз. Ол салынған депоның құны 1 млрд-тың маңайында болады", – деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Шыңғыс Әрінов Еуропа, АҚШ сияқты дамыған мемлекеттерде деполар жылдам бой көтеретінін айтты.
Осыған дейін ТЖМ басшысы Үкімет отырысында жасаған баяндамасында өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілі қайта қаралатынын айтқан болатын. Оның сөзінше, тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді.