Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мемлекеттік органдар мен вагон жасау кәсіпорындарының өкілдерімен кеңес өткізді.
Кездесуде кәсіпорындардың қазіргі өндірістік жағдайы, қуаттардың жүктелуі және даму жоспарлары қаралды. Өндірушілерді тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету, қазақстандық қамту үлесін арттыру және өндіріс көлемін ұлғайту мәселелеріне басымдық берілді.
Нұрлыбек Нәлібаев вагон жасау саласын өнеркәсіптік кооперация арқылы жүйелі дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, шикізат жеткізушілерінен бастап құрамдауыш өндірушілері мен сервистік компанияларға дейінгі біртұтас өндірістік тізбек қалыптастыру қажет.
Сонымен қатар негізгі вагон жасау кәсіпорындарының айналасында өнеркәсіптік кластер құру ұсынылды. Бұл жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын көбейтуге және саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысында отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және қазақстандық қамтуды арттыру бойынша мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдарға тапсырмалар берілді.