Бұған дейін референдумда 12 миллионнан аса қазақстандықтың дауыс беру құқығына ие екені белгілі болған еді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еліміздің Сайлау комиссиясы мен Сыртқы істер министрлігі бақылаушыларға шақыруды 30-дан астам елдің ұйымдары мен мемлекеттеріне жібергенін хабардар етті. Бұл тізімге Еуропа мен Америка мемлекеттері, ірі Азия елдері, сонымен қатар ТМД елдері кіреді деп көрсетілген.
Мұнан өзге Халықаралық ұйымдар да шақыртылмақ. Олар да бақылаушы ретінде Қазақстанға келуі мүмкін.
Ал жаңа Конституция бойынша референдумға көрші елдің бақылаушыларының жолы түсетінін Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин мәлімдеді.
– Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, Ресей Қазақстандағы сайлаулар мен референдумдарға өз өкілдерін тұрақты түрде жіберіп келеді. Мәселен, біздің бақылаушылар 2022 жылдың маусым айында Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша өткен жалпыхалықтық дауыс беруге қатысты. Алдағы референдум да бұдан тыс қалмайды деп сенемін, – деді дипломат.