Қазақстанда өткен жылы 906 мың тонна арматура өндірілді

487

Арматура өндірісін жолға қойған жаңа отандық кәсіпорын импорт үлесін 47%-ға азайтуға мүмкіндік береді. 

Қазақстанда өткен жылы 906 мың тонна арматура өндірілді Фото: google

"Тараз арматура зауыты" ЖШС Жамбыл облысында еуропалық сапаға сай арматура өндірісін іске қосты. Зауыт толық қуатына шыққан бойда жылына 350 мың тонна өнім шығаруды көздеп отыр.

Кәсіпорында А-500 санатына сәйкес жоғары сапалы арматураны дайындауға қауқарлы тың технологияға негізделген автоматтандырылған илеу желісі іске қосылып, өндіріс көрсеткіштері жақсарып келеді. Осы арқылы импортты алмастырып, шетелге экспорт үлесін арттыру жоспарланған. Жаңа өндірістің ашылуы қосымша 90 адамды жұмыспен қамтып, отандық құрылыс материалдары нарығында жергілікті үлестің көлемін ұлғайтуға септігін тигізеді.

Бұл жоба ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылғанын айта кеткен орынды. Ведомство отандық металлургиялық кәсіпорындарды қара, түсті металдардың сынықтары және қалдықтарымен толыққанды қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып келеді.

Осы ретте кейінгі 3 жылда елімізде арматура өндірісінде оң динамика байқалып келе жатқанын айта кету керек. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 900 мың тоннадан артық өнім өндіріліп, оның ішінде экспортқа 220 мың тоннаға жуық арматура жіберілген.

Сонымен бірге елімізге 700 мың тоннаға жуық өнім әкелініпті. Осыны ескере отырып, "Тараз арматура зауыты" ЖШС-нің өндірістік мүмкіндіктері алдағы уақытта импорт көлемін 47%-ға азайтуға қолғабыс етеді деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу