Қазақстанда өткінші жаңбыр мен аптап ыстық қатар күтіледі

374

Бірқатар өңірде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтілсе, оңтүстік пен батыста аптап ыстық пен өрт қаупі сақталады.  

Қазақстанда өткінші жаңбыр мен аптап ыстық қатар күтіледі Фото: azh.kz/kz

8 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының қолайсыз болуына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Синоптиктердің болжамынша, елдің шығыс, солтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты нөсер, бұршақ пен дауыл болып, желдің екпіні секундына 15–28 метрге дейін жетеді.

Қолайсыз ауа райы әсіресе Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Алматы, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында күтіледі. Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнаса, Шымкентте жел күшейеді.

Сонымен қатар елдің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады. Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Жетісу және Маңғыстау облыстарында ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан облысында 40 градусқа, ал Қызылорда облысында 40–41 градусқа дейін қатты ыстық болады.

Осыған байланысты көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Алматы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Қарағанды, Павлодар және басқа да облыстардың жекелеген аумақтарында өрт қаупінің деңгейі өте жоғары болады.

Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын қатаң сақтауға, қатты жел кезінде қауіпсіз жерге паналауға, найзағай кезінде ашық алаңда жүрмеуге және аптап ыстықта өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң орындауға кеңес береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу