Жобаның мақсаты – Отан, туған жер мен ел бірлігін дәріптейтін жаңа әндерді қолдау, талантты авторларды анықтау және ұлттық ән қорын тың туындылармен толықтыру.
Байқауға еліміздің кез келген өңірінен ақындар мен композиторлар қатыса алады. Шығармашылық жолын енді бастаған авторларға да мүмкіндік беріледі. Алайда байқауға ұсынылатын әндер бұған дейін жарияланбаған әрі орындалмаған болуы керек.
Байқау үш номинация бойынша ұйымдастырылады:
- салтанатты патриоттық әндер;
- лирикалық патриоттық әндер;
- заманауи патриоттық әндер.
Қатысушылар бір немесе бірнеше бағытта бақ сынай алады.
Ұсынылған шығармаларды композиторлар, ақындар және музыка саласының мамандарынан құралған сарапшылар кеңесі бағалайды. Негізгі өлшемдер қатарында әуеннің ерекшелігі, мәтіннің сапасы, авторлық идеяның жаңашылдығы және әннің тыңдарманға әсері бар.
Сарапшылар кеңесінің мүшесі, ақын Қалқаман Сариннің айтуынша, байқау ұлттық болмыс пен Отан тақырыбын арқау еткен, халықтың жүрегіне жол табатын жаңа әндердің дүниеге келуіне ықпал етеді.
Байқаудың жалпы жүлде қоры – 30 млн теңге. Қаражат демеушілер есебінен бөлінеді. Жүлделер мынадай тәртіппен үлестіріледі:
- Бас жүлде – 6 млн теңге;
- I орын – 4 млн теңгеден үш жүлде;
- II орын – 3 млн теңгеден үш жүлде;
- III орын – 1 млн теңгеден үш жүлде.
Қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 5 желтоқсанға дейін [khabar.kz/konkurs](https://khabar.kz/konkurs) сайты арқылы қабылданады. Байқау жеңімпаздары Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланады.
Жобаның бас ақпараттық серіктесі – "Хабар" агенттігі" АҚ.