Қазақстанда пилотсыз басқарылатын ұшу аппараттары үшін жаңа талаптар енгізіледі

878

Биыл елімізде 300-ден аса пилотсыз ұшу аппараты есепке алынған.

Қазақстанда пилотсыз басқарылатын ұшу аппараттары үшін жаңа талаптар енгізіледі

Дрондарды пайдаланушылардың қатары артқан сайын оларды тіркеу мен ұшу аппараттарын тиімді пайдалану ережесі туралы мәселе көтерілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтеповтің айтуынша, соңғы уақытта әуесқой және коммерциялық мақсаттағы аэрофототүсірілім барысында және түрлі тауарларды жеткізу, кәсіби талдау жұмыстары кезінде пилотсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданыла бастады. Дрондарды пайдаланушылар қатары жиілеген сайын оларды тіркеу мен ұшу аппараттарын тиімді пайдалану ережесі туралы мәселе көтерілуде. 

"Қазақстанның авиация әкімшілігі ұшу аппараттарын тіркеуге алу, оларды алғашқы даярлықтан өткізу және сертификат беру, сонымен қатар халық тығыз қоныстанған қалалық аудандарда, кенттер мен елді мекендерде ұшуға рұқсатнама беру жұмыстарын іске асырады", – деді Ардақ Өтепов. 

Бүгінде еліміз бойынша 301 пилотсыз ұшу аппараттары есепке алынған. 2021-2022 жылдары ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына 223 сертификат, авиациялық жұмыстарға рұқсат беретін 34 құжат және халық тығыз қоныстанған аудандарда ұшуға рұқсат беретін 20 құжат берілген. 

Биыл Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану туралы заңнамаға бірқатар түзету енгізілмек. Оның шеңберінде ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына жаңа талаптар да қарастырылған. Атап айтқанда, пилотсыз ұшу құрылғыларына арналған аймақ пен пилотсыз аппараттардың ұшуына шектеу қоятын аймақ енгізілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу