Қазақстанда пойыздар жолаушыларға төнген қауіпті өздері анықтайды

314

​Қазақстанның жолаушылар пойыздарында бейнеталдау технологиясын енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда пойыздар жолаушыларға төнген қауіпті өздері анықтайды Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Жаңа жүйе ықтимал қауіптерді ерте анықтап, тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов Астанадағы "Нұрлы жол" вокзалында цифрлық экожүйенің таныстырылымы кезінде айтты.

Оның мәліметінше, қазір жолаушылар пойыздарында 4 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын бақылауға, пойыз қызметкерлері мен мердігер ұйымдардың жұмысын бағалауға және түрлі оқиғалардың мән-жайын анықтауға қолданылады.

Әнуар Ахметжановтың айтуынша, ендігі міндет – камералар арқылы оқиғаларды тіркеумен шектелмей, қауіпті жағдайларды дер кезінде танып, алдын ала ескертуге қабілетті жүйе қалыптастыру.

"Егер жүйе оқиғаларды жазып алып, көрсетіп қана қоймай, қауіпті жағдайлар туралы дер кезінде ескертіп, тиісті шешім қабылдауға көмектесе алса ше? Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", – деді ол.

Басқарма төрағасы спутниктік байланыстың дамуы жаңа технологияны енгізуге қажетті техникалық мүмкіндіктерді кеңейтіп отырғанын атап өтті.

Жоспар бойынша, бейнеталдау жүйесі қауіпті жағдайларды жедел анықтауға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға және тасымал үдерісін тиімді басқаруға көмектеседі. Компания бұл технологияны енгізу жұмыстарын 2027 жылы аяқтауды көздеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу