Қазақстанда республикалық педагогтер кеңесін құру жоспарланып отыр

874

Бұл кеңес бүкіл педагогикалық қоғамдастықтың үніне айналуға тиіс. 

Қазақстанда республикалық педагогтер кеңесін құру жоспарланып отыр

21 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен онлайн режимінде "Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері" атты республикалық тамыз кеңесі өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов мектептер ашылған кезде балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. 

"Біз оқушылардың мектепке кіруінен бастап үйлеріне тасымалдауға дейінгі барлық мәселелерді мұқият ойластыруымыз керек. Балаларды қарсы алып,  бірге алып жүру үшін нақты кезекші адамдар белгіленуі тиіс. Ғимаратқа кіре берісте "фильтрлер" ұйымдастырып, тепловизорлар, дезинфекциялық өткелдер мен аяқ киімге арналған кілемшелер, ауа рециркуляторлары, санитайзерлер және т. б. орнату қажет", - деп атап өтті Е.Тоғжанов. Вице-премьер мектепке дейінгі білім беруде балабақшалардың жұмыс сапасының әлемдік тәжірибеде қабылданған ата-аналардың қанағаттану деңгейі, қоғамның бағасы, балалардың дамуы деңгейі, тамақтану сапасы және т.б. тәрізді сапа индикаторларын енгізуді тапсырды. Премьер-Министрдің орынбасары балалардың тәрбие жұмысына ерекше назар аударды: "оқыту процесі ата-аналарды белсене тарту арқылы тәлім-тәрбие берумен қатар жүргізілуі тиіс". Ол қосымша білім беруді қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан бекітуді тапсырды.

Сондай-ақ Е. Тоғжанов республикалық педагогтер кеңесін құруды тапсырды, бұл кеңес бүкіл педагогикалық қоғамдастықтың үніне айналуы тиіс. Вице-премьер жастарды жұмыспен қамту және экономиканы әртараптандыру үшін кәсіптік және техникалық білім беруді дамыту бойынша түбегейлі шешімдер қабылдау қажеттігін айтты. Е. Тоғжанов университеттердің жұмысының басты ұстанымы зерттеу арқылы оқыту болуы тиіс екенін атап өтіп, отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттігін дамыту бағдарламасын қабылдауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу