Қорғаныс министрі резервтегі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттың жаңа үлгілік нысанын бекітті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа келісімшарт үш жыл мерзімге жасалады. Құжатта резервтегі әскери қызметшілердің құқықтық мәртебесі нақты айқындалып, оларға қойылатын талаптар, міндеттер мен мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктер толық қамтылған.
Келісімшарт талаптарына сәйкес, резервистер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнаманы, сондай-ақ жалпы әскери жарғыларды сақтауға міндетті. Олар резервтегі әскери қызметті белгіленген мерзімде өткеріп, жауынгерлік даярлық сабақтары мен жиындарға, соның ішінде дағдарыс жағдайларындағы жиындарға уақтылы келуі тиіс.
Резервтегі әскери қызметшілерге өзіне сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру, олардың сақталуын және дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Сонымен қатар мемлекеттік құпияларды жария етпеу, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және заңнамада көзделген шектеулерді қабылдау талаптары қарастырылған.
Құжатта резервистердің құқықтары да егжей-тегжейлі көрсетілген. Атап айтқанда, олар мемлекет есебінен ақшалай төлеммен, заттай мүлікпен және өзге де қамтамасыз ету түрлерімен қамтылады. Қызметтік міндеттерін адал орындаған жағдайда қызмет бойынша өсуге, әскери және әскери емес оқу орындарында білім алуға, қайта даярлаудан және біліктілігін арттыру курстарынан өтуге мүмкіндік беріледі.
Резервтегі әскери қызметшілердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылған. Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына немесе жеке мүлкіне келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі. Жауынгерлік даярлық сабақтары мен жиындар кезеңінде медициналық және тамақпен қамтамасыз ету көзделген.
Сондай-ақ резервистер қабылданған шешімдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға немесе сот тәртібімен шағымдану құқығына ие. Өзінің және отбасы мүшелерінің дербес деректерінің қорғалуы, әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктердің сақталуы келісімшартта жеке бекітілген.
Айта кетейік, Қазақстанда резервтегі әскери қызмет 2025 жылдан бастап енгізілді. Бастапқы кезеңде Қорғаныс министрлігі еліміздің барлық өңірінен шамамен 2 мың резервисті қабылдауды жоспарлап отыр.