Әділет министрлігі республикалық ЖСО палатасымен бірлесіп, Тараз қаласында оңтайландырылған атқарушылық өндірісті енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаса, оның 25%-ке дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеу міндеттелетін, енді бұл қызметті робот тегін атқарады.
Жаңа жобаның арқасында Қазақстан азаматтары 2 млрд теңгеге дейін үнемдей алады.
Жүйе алгоритмі мына тәртіппен жұмыс істейді:
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті 50 күн ішінде төленбеген әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді.
Робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажет екені туралы SMS хабарлама жібереді.
Айыппұлды ерікті түрде төлемесе, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындау туралы атқару парағын ұсынады.
Уақытылы төлем жасалса, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады.
Жоба сәтті жүзеге асатын болса, оны бүкіл Қазақстан аумағына енгізу жоспарланып отыр.