Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері әлеуметтік желіде көтеріліп жатқан сәбіз мәселесін сөз еткен. Өз кезегінде вице-министр "сәбіз мәселесі барлық қоймада бар" дегенге келіспейтінін жеткізді.
– Қазір сәбіздің жаппай бүлінуі деректері анықталған жоқ. Бірен-саран жағдай болуы мүмкін, бірақ барлық қоймада осындай факті жоқ. Атап айтқанда, Қазақстанда өз аумағын толықтай сәбізбен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Былтыр шыққан өнім қазір халықтың сұранысына жеткілікті, – деді ол.
Ермек Кенжеханұлы желіде тараған өнімнің бұзылуы туралы ақпаратты да жоққа шығарды.
– Әлеуметтік желілерде "сәбізге тиісті сертификаттар берілмей жатыр, соның салдарынан өнім бүлінеді" деген уәж айтылып отыр. Оны біз растамаймыз, өйткені қазір фитосанитарлық сертификаттар тұрақты түрде беріліп отыр. Оған ешқандай тосқауыл мен шектеу жоқ. Тиісті кәсіпорындар өз өнімін экспорттап жатыр, сондай-ақ біздің ішкі нарықта да сәбізге сұраныс өте жоғары, – деді вице-министр.