Қазақстанда сақтандыру нарығын дамытудың жаңа бағдарламасы талқыланды

135

​Алматыда сақтандыру нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда сақтандыру нарығын дамытудың жаңа бағдарламасы талқыланды Фото: gov.kz

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк және сақтандыру нарығының өкілдері бірлесіп әзірлеген.

Дөңгелек үстелде сақтандыру саласының қазіргі жағдайы, халық пен бизнесті сақтандырумен қамтуды арттыру, жаңа өнімдер енгізу және саланы цифрландыру мәселелері көтерілді.

Соңғы бес жылда сақтандыру компанияларының активтері екі есеге өсіп, 3,9 трлн теңгеге жеткен. Әсіресе өмірді сақтандыру бағыты қарқынды дамып, бұл сегменттегі активтер үш есеге жуық артқан.

"Мемлекет басшысы алдымызға сақтандыру нарығын тұрақты дамыту, халық пен бизнесті сақтандырумен қамтуды кеңейту және ұзақ мерзімді жинақтарды дамыту бойынша стратегиялық міндет қойды", – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Бағдарлама алты стратегиялық бағыт пен 18 бастаманы қамтиды. Оның ішінде міндетті және ерікті сақтандыруды жетілдіру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, цифрлық сервистерді дамыту, сақтандыру компанияларының қаржылық тұрақтылығын күшейту және жаңа бизнес-модельдерді енгізу қарастырылған.

Жоспар бойынша міндетті сақтандыру жүйесі қайта қаралып, оның аясын тұрғын үйді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өрттерінен сақтандыру есебінен кеңейту ұсынылып отыр.

Сонымен қатар өмір бойы кепілдендірілген төлемдерді қарастыратын жаңа зейнетақы аннуитеттерін енгізу жоспарланған. Азаматтарға инвестициялық стратегияны өздері таңдау мүмкіндігі беріледі.

Сақтандыру саласын цифрландыруға да басымдық берілмек. Ерікті сақтандырудың электронды форматқа көшуі, түрлі компаниялардың ұсыныстарын салыстыруға мүмкіндік беретін сақтандыру маркетплейстерін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады.

"Бағдарлама іске асқан кезде оның нәтижесін ең алдымен тұтынушылар сезінеді. Сақтандыру өнімдерінің таңдауы кеңейіп, цифрлық сервистер арқылы олардың қолжетімділігі артады. Полисті рәсімдеу уақыты қысқарып, азаматтардың мүлкін, денсаулығын, табысы мен жинақтарын қорғауға арналған жаңа өнімдер пайда болады", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске арналған сақтандыру өнімдерін көбейту, исламдық сақтандыруды кезең-кезеңімен дамыту және сақтандыру компанияларына "исламдық терезелер" арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндік беру ұсынылды.

Бағдарламадағы негізгі бастамалар жыл соңына дейін Парламентке енгізу жоспарланып отырған сақтандыру нарығы туралы жаңа заң жобасында көрініс табады.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар сақтандыру нарығын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстар мен практикалық ұсынымдарды әзірледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу