Қазақстанда самокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейеді

852

Парламенттің төменгі палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын қабылдады.

Қазақстанда самокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейеді Фото: Колеса

Құжат самокатпен жолда жүру тәртібін реттейді, деп жазады inbusiness.kz.  

"Соңғы жылдары көшелерде жаңа көлік құралдарының пайда болғанын көріп жүрміз. Бұл электр самокаттар, гидроскутерлер, монодөңгелектер және т.б. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл әсіресе мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізуілерге қауіп төндіруде. Заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген", - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Елімізде электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды. Халық қалаулысы электр самокаттардың жүрісін реттейтін алғашқы түзетулер топтамасын ұсынды. 

"Заң жобасына сәйкес, біріншіден электр самокаттар көлік құралы ретінде танылады. Екіншіден, жүру жылдамдығы сағатына 25 километрге дейінгі көлік құралдары электр самокаттарға жатады. Үшінші – электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Төртіншіден, тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл ең қолайлы тәсіл", - деді ол. 

Депутаттың сөзінше, тротуарлардағы жылдамдықты шектеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

"Бесіншіден, электр самокаттың жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі.  Алайда бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюуі керек. Сонымен қатар үстінде арнайы киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет. Алтыншыдан, электр самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Жетіншіден, электр самокат жүргізушілері жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек", - деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Құжатты жалпы отырысқа қатысып отырған 95 депутаттың 91-і жақтаса, төртеуі қалыс қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу