Елде саяси партия құру тәртібі жеңілдейді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Біз партиялардың институционалды және ұйымдастырушылық дамуы үшін барынша қолайлы орта құруға тиіспіз. Партияны тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есе, яғни 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Өңірлік өкілдіктер ең аз дегенде 3 есе, 600-ден 200 адамға дейін азаяды. Партия құратын азаматтардың бастамашыл тобының шамамен үштен бір бөлігі, яғни олардың ең аз саны 1 мыңнан 700-ге дейін азаяды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Сондай-ақ құрылтай съезін өткізу мерзімі мен филиалдарды құруға уақыт беріледі.
"Бұл мәселеде ырықтандыру (либерализация) елдегі саяси кеңістікті дамыту процесін едәуір жандандырады. Өз электоратының мәселелерін сауатты артикуляциялауға және тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады", – деді Президент.
Дәурен Ерболат