Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі халық пен инфрақұрылым нысандарын сел қаупінен қорғау үшін алдын алу шараларын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2026 жылғы сел қаупі кезеңінде жарылу қаупі бар мұздақ көлдерден шамамен 3 млн текше метр су бақыланатын түрде бұрылды.
Тәулік бойы 15 аса қауіпті көлге бақылау жүргізілді. Су деңгейін реттеу үшін мамандар шамамен 50 сифон құбыры орнатты. Су көлемі қауіпсіз деңгейге дейін төмендегеннен кейін олардың басым бөлігінің жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта №9 Ақсай және №19 Талғар көлдерінде су бұру жұмыстары жалғасып жатыр.
9 қыркүйекте ТЖМ "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ғалымдар мен бейінді мамандардың қатысуымен Іле Алатауының солтүстік беткейінде Ұзынқарғалы өзені бассейнінен Түрген өзеніне дейінгі аумақта әуеден визуалды тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде таулы аймақтағы сел жағдайы тұрақты екені анықталды. Мұздақ көлдердің басым бөлігінде су деңгейінің маусымдық төмендеуі байқалады. Мұздықтардан келетін еріген су ағыны да айтарлықтай азайған. Мұздық процестерінің белсенділігі немесе сел қаупінің жоғарылау белгілері анықталған жоқ.
Ықтимал қауіпті учаскелер тәулік бойы бақылауда. Бұл үшін автоматтандырылған жүйелер, бейнебақылау құралдары және гидрометеорологиялық датчиктер қолданылады. Мамандар 852 жерүсті тексеру жүргізіп, әуеден тағы 17 тексеру ұйымдастырды.
Жұмыстар сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады.
ТЖМ сел қаупі туралы ескерту алған жағдайда шұғыл қызметтердің нұсқауларын қатаң сақтауға, өзен арналары мен тау шатқалдарына жақындамауға және эвакуацияның қауіпсіз бағытын алдын ала анықтауға шақырады.