Биыл 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру елімізде де, басқа елдерде де тиімді практика ретінде танылды. Сондықтан кепілдік беру қоры құрылатын болады. Олардың бірі шағын және орта бизнеске кепілдік береді. Шағын және орта бизнес үшін кредиттерге кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көлемі ұлғаятын болады. Биылдың өзінде 1,7 трлн теңге сомасына 30 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетіледі", – деді Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, елімізде ірі бизнестің кредиттеріне кепілдік беру үшін жаңа қор құрылады.
"Ірі бизнеске арналған кепілдік беру қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бұл ірі бизнес санының көбеюіне әсер ететін болады", – деді Серік Жұманғарин.