Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде шегірткеге қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шегірткеге қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатыр?", - деп сұрады Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Айдарбек Сапаровтың сөзінше, өткен жылғы күздегі зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша елімізде 2,1 млн гектар аумақ тіркелген.
"Бүгінде оңтүстікте жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет тарапынан 7,1 млрд қаржы бөлінген. Мердігерлердің бәрі белгіленді. Түркістан облысында жұмыстың 90 пайызы жүргізілді. Енді 10 пайыз жұмыс қалды, бұл жұмыс айдың аяғына дейін бітеді. Бірақ қазір Өзбекстанда шығып жатыр. Олар 50 пайыз шараларды жүргізді. Қазір шекара жақты назарға алдық. Жамбыл облысында да өңдеу жұмыстары жүргізілуде, 28 мың гектар аумақ өңделді, - деді АШМ басшысы.
Премьер-министр Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске ерекше назар аударуды тапсырды.