Енді визасыз елдердің азаматтарымен әңгімелесуді арнайы комиссия жүргізеді.
Жаңа талаптар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер және Цифрлық даму министрліктерінің бірлескен бұйрығымен бекітілді.
Өзгеріске сәйкес, өтініш берушімен сұхбатты өзі тұрақты тұруды жоспарлаған өңірдегі халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелеріне жауапты жергілікті атқарушы орган ұйымдастырады. Өтінішті портал арқылы берген кезде иммигрант тұрақты тұратын өңірін көрсетуі тиіс.
Визасыз режимдегі елдердің азаматтары үшін арнайы комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, мәдениет және ішкі саясат салаларына жауапты өкілдері, ішкі істер органдары мен білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері кіреді.
Комиссия кемінде бес адамнан тұруы керек. Құжаттар түскеннен кейін олар бір жұмыс күні ішінде комиссияға жіберіледі. Сұхбат бес жұмыс күні ішінде өткізіледі.
Сұхбат бетпе-бет те, онлайн форматта да ұйымдастырылады. Өтетін күні, уақыты, орны мен форматы туралы мәлімет өтініш берушінің жеке кабинетінде көрсетіледі. Қашықтан сұхбат кезінде адамның жеке басын бейнебайланыс арқылы анықтауға мүмкіндік беретін мессенджерлер мен басқа да байланыс құралдары қолданылады.
Сұхбат нәтижесінде комиссия шетелдікке Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және қандас мәртебесін рәсімдеу бойынша мемлекеттік қызметтерді одан әрі алуына мүмкіндік беру немесе бас тарту жөнінде ұсыным шығарады. Шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Комиссия отырысы мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқанда ғана заңды болып саналады.
Ал визалық режим қолданылатын мемлекеттердің азаматтары үшін сұхбат Қазақстанның шетелдегі мекемелерінде B8 және C1 санатындағы визаларды рәсімдеу кезінде жүргізіледі.
Қандас мәртебесін алу талаптарына да өзгерістер енгізілді. Өтініш берушілер мен олардың отбасы мүшелері дербес деректерін, оның ішінде банк құпиясына жататын мәліметтерді, кредиттік қарыздары, ай сайынғы төлемдері және мерзімі өткен міндеттемелері туралы ақпаратты жинауға әрі өңдеуге келісім беруі қажет.
Қандас мәртебесін тоқтатудың жаңа негізі де пайда болды. Егер мәртебе алғаннан кейін үш ай ішінде Үкімет белгілеген қоныстану өңірлерінде тұрақты тұруға рұқсат алу үшін өтініш берілмесе, мәртебе жойылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, төлем қабілетін растауға қатысты талап нақтыланды. Егер Қазақстан азаматтығын алғанға дейінгі бес жыл ішінде банк шотындағы қаражаттың бар екені расталмаса, қандас мәртебесінен айырылу қаупі бар.
Сондай-ақ тұрақты тұруға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімі толықтырылды. Құжаттарда сұранысқа ие мамандық иелеріне, Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосқан тұлғаларға, басым жобаларға қатысушылар мен инвесторларға қойылатын талаптар бөлек көрсетілген.