Қазақстанда шошқа тұқымын жетілдіретін орталық ашылмақ

1137

Швейцария бизнесімен бірлескен жобаға инвестиция тарту жоспарлануда.

Қазақстанда шошқа тұқымын жетілдіретін орталық ашылмақ

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздің өндіріс саласына Швейцариядан инвестиция тарту жөнінде келіссөздер жүріп жатқанын айтты.

"Ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде сүт өнімдерін қайта өңдеуде Швейцариялық әріптестерімізден үйренеріміз көп. Қазір Швейцария елімен бірлескен кәсіпорындар ашып, жаңадан инвестиция тарту бойынша келіссөздер жүргізудеміз. Негізі, ауыл шаруашылығы саласында тауар өндіруші көптеген кәсіпорнымыз швейцариялық компаниялармен бірлесе жұмыс жасап жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, құрал-жабдықтар, құрылғылар жасау, тыңайтқыштар, зиянкестермен күресуге арналған дәрілер шығару тәрізді бірқатар жоба іске асуда", – деді Сапархан Омаров.

Сондай-ақ, министр швейцариялық мамандармен бірлесіп Қазақстанда шошқа шаруашылығын дамыту үшін генетикалық-селекциялық орталық ашу жөнінде де келіссөздердің барын мәлім етті. 

"Біз қазір шошқа өсіру саласында генетикалық-селекциялық орталық ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Ең бастысы, шошқа малының тұқымын жетілдіріп, селекция жасайтын боламыз. Ғалымдарымыз бен студенттерімізді Швейцарияда оқытып, мамандар әзірледік. Елімізде осы жануарды өсірумен айналысатын шаруашылықтар бар. Қазіргі кезде Қытай тарапынан доңыз етіне деген үлкен сұраныс туып отыр. Өткен жылы Қытайда шошқаның 50%-дан астамы тұмаумен ауырып, қырылып қалды. Осындай үлкен мөлшердегі шығынның орнын толтыру үшін көп уақыт керек. Сол себепті, осы бағытты да дамытуымыз қажет",–деді министр.

Еске сала кетсек, 22 қараша күні Швейцария Президенті Ули Маурер Қазақстанға ресми сапармен келіп, екі ел арасында бірқатар келісімге қол қойылған еді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу