Қазақстанда шығарылған көліктерді қай елдер сатып алады

1114

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ИИДМ) 2021 жылғы 9 айда елде қанша көлік шығарылғаны туралы ақпаратты жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстанда шығарылған көліктерді қай елдер сатып алады

ИИДМ дерегінше, биыл 9 айда 63 мыңнан аса көлік шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,5%-ға көп.

"Олардың басым бөлігі – жеңіл көліктер. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте 55 016 автомобиль шығарылған. Сондай-ақ 6 971 жүк техникасы, 872 автобус, 489 тіркеме және жартылай тіркеме, 211 мамандандырылған техника өндірілген", – деп жазылған хабарламада.

Автокөліктердің жартысына астамы "Сарыарқаавтопром" кәсіпорнында шығарылған. 

"Қостанай зауытында 38 309 жеңіл, жүк көлігі мен автобус өндірілді. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan компаниясы 19 585 автокөлік, Семейдегі СемАЗ 3 155 коммерциялық техника, Көкшетаудағы "КАМАЗ Инжиниринг" 1 115 жүк көлігін, Hyundai Trans Auto 586 коммерциялық автокөлік, Daewoo Bus Kazakhstan 207 техника, Саран қаласындағы QazTehna жаңа зауыты Yutong 143 автобус шығарды", – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ министрлік елдегі шығарылатын көліктердің үздік бестігіне тоқталды: Chevrolet (23 556 бірлік), Hyundai (19 643 бірлік), Kia (6 871 бірлік), JAC (4 488 бірлік) және GAZ (3 149 бірлік).

Қазақстанда шығарылған автомобильдер экспорты саланы дамыту үшін стратегиялық маңызды болып саналады. 

"Биыл 9 айда дайын автомобильдерді жеткізу 43%-ға артып, 52,4 млрд теңгеге 7 816 көлік шетелге экспортталған. Олардың негізгі бөлігі Ресейге (4 346 бірлік), Өзбекстанға (2 968 бірлік), Беларуське (398 бірлік), Қырғызстанға (102 бірлік) және Әзірбайжанға (2 бірлік) сатылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу