Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағынан ірі қара мал етін сыртқа шығару талаптарына өзгеріс енгізуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, сиыр етін экспорттауға қойылатын өлшемдерге бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, өзіне тиесілі ет өңдеу кәсіпорындары бар бордақылау алаңдары үшін шекті көрсеткішті 500 басқа дейін төмендету қарастырылған.
Сондай-ақ, жеке ет өңдеу кәсіпорны жоқ, бірақ 5000 басқа дейін ірі қара ұстайтын бордақылау алаңдарына басқа ет өңдеу кәсіпорындары арқылы өнімдерін сыртқа шығаруға мүмкіндік беру ұсынылады.
Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұйрық жобасы отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында әзірленген.
Аталған бұйрыққа сәйкес 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап алты ай мерзімге Қазақстан аумағынан ірі қара мал етін үшінші елдерге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне сыртқа шығаруға сандық шектеулер (квота) енгізілді. Бұл шектеу жаңа немесе салқындатылған, сондай-ақ мұздатылған ірі қара мал етіне қатысты қолданылады. Ірі қара мал етін экспорттауға белгіленген жалпы квота көлемі – 20 мың тонна.
Бір тұлғаға берілетін квота көлемі бордақылау алаңының қуатына қарай мынадай мөлшерде белгіленген:
- бордақылау алаңының қуаты 5000 басқа дейін болса – 1000 тонна;
- 10 000 басқа дейін – 2000 тонна;
- 15 000 басқа дейін – 3000 тонна;
- 20 000 басқа дейін – 4000 тонна;
- 50 000 басқа дейін – 10 000 тонна.
Квота бордақылау алаңындағы өз малының есебінен алынған ірі қара малды пайдаланған жағдайда ет өңдеу кәсіпорындарына бөлінеді.