Қазақстанда осы жылы 217 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, жақын күндері мектеп бітіретін түлектер үшін соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасы жылдағыдай 25 мамыр күні өтпейді.
– 34 аптаға созылатын оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындылап, оның арасында 217 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Өткен жылдағыдай, соңғы оқу күні – 23 мамырда еліміздің барлық мектебінде "Білімім – Отаныма" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл – бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды іс-шара, оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызықты сәттерді бірге еске алады, – деп жазылған хабарламада.
Бірыңғай сынып сағаты оқушыларға патриоттық сезім қалыптастырып, білім мен тәрбиеге басымдық беруге бағытталады.
– Биыл оқу жылының аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты іс-шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда өткізіледі. Сондай-ақ, барлық оқушы үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін тағы да еске саламыз, – деп хабарлайды ведомство өкілдері.