Қазақстанда Спорттық бағдарламалау федерациясы құрылды

623

Оған министр Бағдат Мусин жетекшілік етпек. 

Қазақстанда Спорттық бағдарламалау федерациясы құрылды Фото: gov.kz

Қазақстанда Спорттық бағдарламалау федерациясы құрылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Өткен жылы біз Digital Nomads қауымдастығын жинағанымыз естеріңізде болар. Бұл Нью-Йоркте Мемлекет басшысымен кездесуге қатысқан  жастардың қауымдастығы. Осы уақыт ішінде біз Digital Nomads өкілдерімен бірге қазақстандық оқушылар мен студенттерге арнап тұрақты дәрістерді ұйымдастырдық, сондай-ақ спорттық бағдарламалауды қолдау бойынша жұмыстар жүргіздік. Мен елімізде өзіміздің спорттық бағдарламалау Федерациясының құрылғанын қуана хабарлағым келіп отыр. Оған жетекшілік ету мәртебесі маған бұйырды", - деп жазды ведомство басшысы Facebook парақшасында.

Оның сөзінше, спорттық бағдарламалау – болашағынан үміт күттірер интеллектуалды спорт түрі. Мұнда жасөспірімдер математикалық алгоритмдік есептерді бағдарламалау тілдерін қолдана отырып шеше алады.

"Қазақстандық оқушылар мен студенттер IOI және ICPC сияқты халықаралық жарыстарға тұрақты түрде қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Федерацияны құра отырып, біз халық арасында спорттық бағдарламалауды дамыту мен насихаттау жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ осы бағытта түрлі жарыстарға қатысатын жастарымыздың нәтижелерін одан әрі жақсартуды жоспарлап отырмыз. Федерация ұлттық және халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізуді ұйымдастырып, білім беру мекемелерінде экожүйені дамытады және спорттық бағдарламашыларды даярлау әдістемесін әзірлейді", - деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу