Петропавл қаласында бір жарым жылдан астам уақыт бойы әйел адамға сталкинг жасап келген 37 жастағы ер адам сотталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Петропавл қалалық соты ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің арызы негізінде тергеу барысында ер адамның ұзақ уақыт бойы әйелді аңдып, күштеп оның назарын өзіне аударуға тырысқаны, онымен және оның айналасындағы адамдармен жиі жанжалдасқаны анықталған.
Әйелдің айтуынша, қудалаушы оның күнделікті өміріне кедергі келтіріп, психологиялық қысым көрсеткен.
Полицияның хабарлауынша, бұл ер адам бұған дейін де жәбірленушіге қатысты бірнеше рет жауапкершілікке тартылған. Ол әйелдің атына бейәдеп сөздер айтқаны, дене жарақатын келтіргені, сондай-ақ оның танысына шабуыл жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, қудалауын тоқтатпаған.
Жәбірленуші өз сөзінде ұзақ уақыт бойы тыныштығынан айырылғанын, қала ішінде еркін жүре алмай, қорқыныш сезімімен өмір сүргенін айтты. Ол тек өз қауіпсіздігіне ғана емес, қудалаушының әрекеттерінен айналасындағы адамдар да зардап шегуі мүмкін деп алаңдаған.
Сот бұл істі қудалау дерегі бойынша қарап, ер адамның кінәсін дәлелденген деп таныды.