Қазақстандағы су саясатының ұлттық саяси диалогы туралы кездесу өтті. Кездесуге ҚР АШМ өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар, трансшекаралық су туралы конвенцияның хатшылығының басшысы Франческа Бернардини, Орталық Азия елдерінің сарапшылары, халықаралық сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Отырыста Орталық Азия елдерінің трансшекаралық су ынтымақтастығын нығайту бойынша ұсыныстар, сондай-ақ Қазақстанда су ресурстарын бағалау бойынша халықаралық орталығының ашылуы талқыланады.
Кеңесте Орталық Азиядағы су саясаты саласындағы өңірлік диалог туралы жаңа бастама қарастырылды, ол 2018 жылы БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының трансшекаралық ағын сулар мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенциясының тараптары кеңесінің сегізінші сессиясына ұсынылатын болады.
Астанадағы кеңсенің ашылуы өңірлік диалогтың тиімділігін арттыруға және су проблемалары бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту бойынша тағы бір қадам болды. Орталықтың Қазақстандағы қызметі өңірлік және жаһандық су проблемалары бойынша халықаралық ғылыми орталыққа айналуға мүмкіндік береді және әлемдік қауымдастыққа өз үлесін қосады, деп атап өтті Министрлік өкілдері өз сөзінде.