Қазақстанда су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйесі іске қосылды

181

Ұлттық ақпараттық жүйеге 17 мыңнан астам өзен, 3 мыңнан астам көл және мыңдаған гидротехникалық нысан туралы дерек енгізілді.  

Қазақстанда су ресурстарын басқарудың цифрлық жүйесі іске қосылды Фото: Үкімет

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұрғанын және су нысандары мен су шаруашылығы инфрақұрылымы туралы деректерді біріктіретін саланың бірыңғай цифрлық экожүйесінің негізін қалыптастырып отырғанын баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жүйе су теңгерімін жүргізуді, су пайдалануды есепке алу мен талдауды, су қоймаларының жай-күйіне мониторинг жүргізуді, сондай-ақ ғарыштық мониторинг пен трансшекаралық су объектілері бойынша деректерді пайдалануды қамтамасыз етеді. Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі республикалық бюджет қаражатын тартпай-ақ, Еуразиялық даму банкінің гранттық қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Ақпараттық жүйеде 17 758 өзен, 3 148 көл, 3 927 мониторингтік ұңғымалар және 1 209 гидротехникалық құрылыстар бойынша мәліметтер көрсетілген. Цифрлық тізілімге су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстардың 10 мыңнан астам паспорты енгізілді, сондай-ақ арнайы су пайдалану бойынша 6 мыңнан астам есеп қабылданды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлерде бірқатар жобаны жүзеге асыру кешіктіріліп жатқанын атап өтті.

"Облыс әкімдіктері жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын іс-шараларды басым тәртіппен қаржыландыруды қамтамасыз етуі қажет. Тиісті шығыстар өңірлік бюджеттерді қалыптастыру және нақтылау кезінде уақтылы көзделуі тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігіне Кешенді жоспардың орындалуына мониторингті күшейтуді, әрбір іс-шараның орындалу мерзімдері мен қаржыландыру көлеміне бақылауды қатаңдатуды тапсырамын. Барлық проблемалық мәселелер бойынша Үкіметтің қарауына нақты ұсыныстар мен шешімдер уақтылы енгізілуі қажет", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жұмысқа назар аударып, бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Су үнемдеу технологияларын енгізу жоғары қарқынмен жүзеге асырылуы тиіс. Әкімдіктер бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек.

Сонымен қатар Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді:

  • Экология және табиғи ресурстар министрлігі – трансшекаралық өзендер бойынша су көрсеткіштерінің сапасына мониторингті күшейтсін;
  • Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп – 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне гидротехникалық құрылыстардың паспорттарын енгізуді қамтамасыз етсін;
  •  2027 жылғы 10 маусымға дейін – елді мекендердің шекаралары шегінде су қорғау аймақтары мен жер үсті су объектілері белдеулерінің шекараларын белгілеуді қамтамасыз етсін;
  • ЭТРМ және СРИМ – қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесімен біріктіру. Бұл эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі мен өндірістік экологиялық бақылау жүйесінің деректерін беруге мүмкіндік береді.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу