Оның сөзінше, елімізде суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Мемлекет басшысының су секторын цифрландыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде негізгі жоба жүзеге асырылуда.
– Ақпараттық жүйе электрондық үкімет, ведомствоаралық интеграция және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес әзірленуде. Қазіргі кезде базалық функциялар жүзеге асырылып жатыр, аналитика мен болжау функциялары енгізілуде. 11 мемлекеттік ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасады, бұл деректердің дұрыстығын арттыратын болады, – деп түсіндіріп өтті Жаслан Мәдиев.
Министр перспективалық жобалардың тағы бірі электрондық шарттар жасасу және су тұтынуды болжау жүйесі екеніне тоқталды. Қазіргі уақытта бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істейді, ал өнеркәсіптік пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін деп жоспарланып отыр. Азаматтарға пайдалану ыңғайлы болу үшін Egov mobile, екінші деңгейлі және 1С банктермен интеграциялау ойда бар.
Биыл 103 суару каналын автоматтандыру бастау алды. Оңтүстік өңірлерде, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында бекітпелерді басқару көзделген. Ислам даму банкінің қолдауымен тағы 264 каналды цифрландыру жоспарлануда. Суды жоспарлау және басқаруға арналған бағдарламалық қамтылым қарастырылып отыр. Қашықтан басқару пульті аралық тексеруді алмастырады және 24/7 судың таралуын автоматты бақылауды қамтамасыз етеді.