2026-2027 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарында су шаруашылығы саласына қатысты мамандықтар бойынша 840 студент білім ала бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, университеттерде су саласының мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттердің жалпы саны 3 мыңнан асты.
Қазір колледждерде су шаруашылығы бағытында 800-ден астам адам оқып жатыр. Оның 100-ден астамы биыл жаңа оқу жылына қабылданған.
Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері салаға маман даярлайтын оқу орындарының саны да көбейген. 2023 жылы су шаруашылығы мамандарын 9 университет пен 6 колледж даярласа, бүгінде олардың саны тиісінше 13 университет пен 10 колледжге жетті.
Сала мамандықтарына арналған білім беру гранттарының саны да артқан. 2023-2024 оқу жылында 262 грант бөлінсе, 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 390-ға, ал өткен оқу жылында 1000 грантқа дейін өскен.
Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне де басымдық беріліп отыр. "Қазсушар" РМК кәсіпорындарында тәжірибеден өткен студенттер саны 2024 жылғы 82 адамнан 2025 жылы 470-ке дейін өскен. Биыл 700-ден астам студент өндірістік тәжірибеден өтті.
Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен қос дипломды бағдарламалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қытай электр энергетикасы университеті, Венгриядағы Корвинус және Обуда университеттері, сондай-ақ Өзбекстандағы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтымен ынтымақтастық жолға қойылған.
"Қазақстанның барлық оқушысын, студенттері мен педагогтерін Білім күнімен құттықтаймын. Жаңа оқу жылында табыс тілеймін. Бүгін алған білім болашақ кәсіби қызмет үшін маңызды негіз болады. Өз тарапымыздан министрлік сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдап жатыр. Мәселен, екі жыл ішінде "Қазсушар" РМК-дағы орташа жалақы екі еседен астамға артты. Сонымен қатар шетелдік серіктестердің қатысуымен қолданыстағы мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламалары да іске асырылып жатыр", – деді Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушы Нұржан Нұржігітов.