Қазақстанда су үнемдеу жүйелерін енгізу үлесі төмен – Әлихан Смайылов

384

Тамшылатып суару жүйесі қазір 84 мың гектарда ғана қолданылады.

Қазақстанда су үнемдеу жүйелерін енгізу үлесі төмен – Әлихан Смайылов Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында су ресурстарын тиімді басқару мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз су ресурстарының тапшылығы жағдайында біраз жұмыс атқаруымыз керек. Ұсынылып отырған Тұжырымдама (ред. - 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы) осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Оны іске асыру су ресурстарын мониторингілеу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет.

Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау", - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келгенін баса айтты

"Мәселен, Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі 30%. Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған. Салдарынан 40% су ысырап болып жатыр", - деді ол.

Тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. 

"Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ін өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ке дейін көтеру жоспарланып отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Мысалы, тамшылатып суару жүйесін қолдану 312 мың гектарда жоспарланған, ал қазір ол 84 мың гектарда ғана қолданылады. Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді", - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, жалпы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу