Қазақстанда субсидияланатын жұмыс орындарын ашу тәртібі өзгерді

358

​Елімізде жұмыс берушілер үшін субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру ережелері жаңартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Қазақстанда субсидияланатын жұмыс орындарын ашу тәртібі өзгерді Фото: ЖИ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа тәртіптің талаптары жеңілдетіліп, негізгі рәсімдердің электронды форматқа көшірілгенін хабарлады.

Енді субсидияланатын жұмыс орындарын коммерциялық ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, әлеуметтік кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер мен бірқатар үкіметтік емес ұйымдар аша алады.

Қатысу үшін жұмыс беруші кемінде 12 ай жұмыс істеген болуы керек. Сонымен қатар ұйым банкроттық рәсімінде болмауы, жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша бұрынғы міндеттемелерін орындауы және заң талаптарын сақтауы қажет.

Жұмыс орындарының саны жұмыс берушінің санатына қарай белгіленеді. Мәселен, коммерциялық ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мен әлеуметтік кәсіпкерлерге 1-ден 5-ке дейін жұмыс орнын субсидиялауға мүмкіндік беріледі.

Үкіметтік емес ұйымдар үшін республикалық маңызы бар қалаларда 10-ға дейін, ал өңірлерде 5-ке дейін жұмыс орны қарастырылған.

Ауылдық әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындар үшін субсидияланатын жұмыс орындарының көлемі ауыл тұрғындарының санына байланысты есептеледі. Бұл көрсеткіш халық санының 2-5 пайызы аралығында болуы мүмкін.

Жаңа тәртіп бойынша жұмыс берушілерді іріктеу, азаматтарды жұмыс орындарына жолдау және құжаттарды тексеру Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылады.

Министрлік цифрландыру қағазбастылықты азайтып, өтініштерді қарау процесін жеделдетуге және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу