Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері тыйым салынған аумақтарда 80 адам суға кетіп қаза болған. Ал ресми жабдықталған жағажайлар мен шомылу орындарында 13 адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Қайғылы оқиғалар ең көп өзендерде тіркелген. Онда 48 адам суға кеткен. Сонымен қатар су қоймаларында – 22, Каспий теңізінде – 11, көлдерде – 9, жасанды су айдындарында – 2 және Нұра–Есіл каналында 1 адам көз жұмған.
ТЖМ өкілдерінің айтуынша, мұндай оқиғаларға көбіне рұқсат етілмеген жерлерде шомылу, жүзе алмау, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламау, мас күйде суға түсу және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру себеп болады.
Қазіргі уақытта еліміз бойынша 733 ресми шомылу орны жұмыс істейді. Ал суға түсуге тыйым салынған аумақтардың саны 5 129-ға жетеді.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген орындарда шомылып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.