Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хабарлауынша, екі түрлі баға - Қазақстан супермаркеттерінде жиі кездесетін заңбұзушылық, деп жазады Inbusiness.kz.
"Қазақстан Республикасы сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің атына кәсіпкерлік субъектісіне қатысты полиция бөлімінен материалдар келіп түсті. Материалға сәйкес тұтынушы 400 мл "ELSEVE" сусабын сатып алған. Витринада 1502 теңге бағасы көрсетілген, кассада оған 1965 теңге сомасына чек берілді. Тауар бағасында көрсетілген баға кассадағы бағаға сәйкес келмейді", — делінген ведомство хабарламасында.
"Сауда қызметін реттеу туралы" ҚР Заңының 31-бабы 1-тармағының 2 - тармақшасына сәйкес ішкі сауда субъектiлерi өз қызметін жүзеге асыру кезiнде тауарларды тиісінше жария оферта, шарттар немесе өзге де мәмілелер талаптарына сәйкес белгіленген өлшемдер бойынша сатуға міндетті.
Құны сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарында қойылған жапсырмамен ресімделген бағадан асатын тауарды Қазақстан Республикасының аумағында өткізгені үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 193 – бабының 4 – бөлігіне сәйкес – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – алты, орта кәсіпкерлік субъектілеріне он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Осыған байланысты, осы материал бойынша департамент әкімшілік іс қозғады, қарау нәтижелері бойынша сауда объектісі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы "Қазақстан Республикасы кодексінің 193-бабының 4-бөлігі витринада көрсетілген бағадан асатын құны бойынша тауарды өткізгені үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі таңда кәсіпкерлік субъектісі 30 АЕК (103 500 теңге) мөлшерінде айыппұл төледі.